Түркияда алғаш рет ұшақ тоқтамай орындарынан тұрған жолаушыларға айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Pegasus Airlines әуе компаниясының София–Ыстанбұл бағытындағы PC272 рейсінде тәртіп бұзған бірнеше жолаушы алғаш рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

п
Фото: ndtv.com

HavaSosyalMedya авиациялық агенттігінің хабарлауынша, Boeing 737-800 ұшағы Сабиха Гөкчен әуежайына қонған соң, әуе кемесі толық тоқтамағанына қарамастан бірнеше жолаушы орындарынан тұрып, жүк сөрелерінен заттарын ала бастаған. Бортсеріктер қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырып, орындарына отыруды талап еткен. Алайда кейбір жолаушылар ескертулерге бағынбаған.

Салдарынан бортқа полиция шақырылып, әуежайда құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.

Түркияда 2024 жылдан бастап енгізілген жаңа ережелерге сәйкес, ұшақ толық тоқтамай тұрып орнынан тұру, багаж бөлігін ашу немесе экипаждың нұсқауларын елемеу – әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Бұл талаптар ішкі және халықаралық рейстерге бірдей қолданылады.

Түркияның Азаматтық авиация жөніндегі бас дирекциясының дерегінше, мұндай тәртіп бұзушылық үшін жолаушыларға 2 603 түрік лирасына дейін (шамамен 35 мың теңге) айыппұл салынады.

Бұдан бөлек, әуе компаниялары құқық бұзушыларды «қара тізімге» енгізіп, болашақта рейстерге билет сатып алуына шектеу қоя алады.

Еске сала кетейік, бұған дейін түрік авиакомпаниялары жолаушылардың ерте тұруына байланысты айыппұл жүйесін енгізетіні туралы хабарланған болатын. Бұл тәжірибе енді нақты жүзеге асырыла бастады.

Айта кетейік, Түркияда әуежайдағы ұшақтан түтін шықты.

Соңғы жаңалықтар