Түркияда антитеррорлық іс-шаралар өтті: 90 адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда халықаралық «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) террористік ұйымына қарсы ауқымды рейдтер жүргізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркия Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, елдің бірден 24 провинциясын қамтыған антитеррорлық операция барысында «Ислам мемлекеті» ұйымымен байланысы бар, оны қаржыландырған және насихаттаған деген күдікпен 90 адам ұсталды.
Ұсталғандардың басым бөлігі — аталған ұйымға мүшелікке күдіктілер немесе онымен байланысы бар тұлғалар. Күдіктілердің бір бөлігі террористік ұйымды «қайырымдылық құрылымдары» арқылы қаржыландырған, ал енді біреулері әлеуметтік желілер арқылы терроризмді насихаттаумен айналысқан.
Ведомство мұндай операциялар террористік желілердің қызметін, оның ішінде олардың қаржылық және ақпараттық инфрақұрылымын жоюға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Түркияның 35 провинциясында да осындай арнайы операциялар жүргізіліп, 184 адам ұсталғаны хабарланған еді.
Айта кетелік Түркияда әлеуметтік желіде мектептерге шабуыл жасаймыз деп қорқытқандарға қатысты тергеу басталғаны туралы жазған едік.