Түркияда Демократия және ұлттық бірлік күні: ел бойынша еске алу шаралары өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Түркияда 2016 жылғы 15–16 шілдеде болған мемлекеттік төңкеріс әрекетінің жолы кесілген күнге арналған Демократия және ұлттық бірлік күні аталып өтіп жатыр.
Мемлекеттік төңкерістің алдын алу әрекетіне 10 жыл толуына орай ел аумағында Ұлттық бірлік шеруі ұйымдастырылып, ол орталық алаңдардағы еске алу рәсімдерімен аяқталады. Дәстүрлі түрде ең ауқымды іс-шаралар Анкара мен Ыстанбұлда өтіп жатыр.
Бағдарлама аясында 2016 жылғы 15 шілдедегі оқиғаларға арналған көрмелер, еске алу шерулері мен мультимедиялық жобалар ұйымдастырылған.
Анкарадағы Ұлттық саябақта Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қатысуымен еске алу рәсімі өтті. Әртүрлі мәліметке сәйкес, оған шамамен 20 мың адам қатысты.
– 15 шілде – мемлекеттік төңкеріс әрекетінің жолы кесілген түн ғана емес. Бұл – халқымыздың өз еркін, демократиясы мен тәуелсіздігін жанын пида ете отырып қорғаған, тарихқа алтын әріппен жазылған демократияның ұлы жеңісі, – деді Режеп Тайип Ердоған Демократия және ұлттық бірлік күніне орай жариялаған мақаласында.
Мерейтойға орай Түркия Президенті Әкімшілігінің Коммуникациялар басқармасы халықаралық медиа бағдарламасын ұйымдастырды. Оның аясында Түркияға 21 елден 41 журналист шақырылған.
Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Анкара мен Ыстанбұлда болып, 2016 жылғы 15 шілде оқиғаларына қатысты тарихи орындарды аралайды және мерейтойлық іс-шараларға қатысады.
Еске салайық, 2016 жылғы 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні Түркияда ФЕТО террористік ұйымының мүшелері қарулы мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенген болатын.
Әскери төңкеріс әрекетіне шамамен 9 мың әскери қызметкер қатысып, 35 ұшақ, 37 тікұшақ, 74 танк, 246 броньды техника, 4 мыңға жуық атыс қаруы және үш әскери кеме пайдаланылды. Сол оқиғалар салдарынан 253 адам қаза тауып, 2 мыңнан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Түркияда ФЕТО ісі бойынша жаппай ұстау шаралары жүргізілетіні хабарланған болатын.