Түркияда Ердоғанның өлімі туралы ақпарат тарады: газет өкілдері үстінен іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның Айдын қаласында әлеуметтік желіде ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның бақилық болғаны туралы хабарлама жарияланғаннан кейін прокуратура тергеу бастады. Бұл туралы Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Түркияда Ердоғанның өлімі туралы ақпарат тарады: газет өкілдері үстінен іс қозғалды
Фото: cumhuriyet.com.tr

Жергілікті газеттің Facebook-тегі парақшасында қара түсті фонда «Ердоған қайтыс болды» деген ірі жазуы бар сурет жарияланған. Жазба көп ұзамай әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударып, құқық қорғау органдарының араласуына себеп болды.

Кейін бұл материал газеттің сайтында Гүлшен Ердоған есімді азаматшаның қайтыс болуына байланысты жарияланған некрологпен байланысты екені анықталды. Алайда әлеуметтік желідегі жазбаның мәтіні мен безендірілуі президент Ердоған туралы айтылып жатқандай әсер қалдырған.

Айдын прокуратурасы Түркия Қылмыстық кодексінің 217/A-бабы бойынша, яғни қоғамды адастыратын ақпаратты жария түрде тарату фактісі бойынша тергеу бастады.

Тергеу аясында газет өкілі, жауапты редактор және материалды дайындаған журналисті ұстауға ордер берілді.

Газеттің нұсқасы бойынша, жарияланым аты-жөні президентпен бірдей азаматшаның қайтыс болуына қатысты болған. Алайда хабарламаның формулировкасы мен әлеуметтік желідегі визуалды безендірілуі қылмыстық тергеуге себеп болды.

Бұған дейін Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісі шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыратын заң жобасын мақұлдағаны хабарланған болатын.