Түркияда интернеттегі қылмыстық топтарға қарсы арнайы операция басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркияның 48 провинциясында интернет арқылы заңсыз әрекет еткен 1 008 күдіктіні ұстауға бұйрық берілді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.

Спецоперации против преступных группировок в интернете начались в Турции
Фото: Dev.by

Түркияның құқық қорғау органдары цифрлық платформалар арқылы әрекет ететін қылмыстық топтарға қарсы бүкіл ел бойынша арнайы операция жүргізіп жатыр. Осыған байланысты елдің 48 провинциясында 1 008 адамды ұстауға ордер берілді.

Hürriyet Daily News басылымының мәліметінше, қылмыстық топ әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалдамалы кісі өлтірушілерді іздейтін топтар құрған. Олар қорқыту және балағаттау сипатындағы жазбалар жариялап, қылмыстық әрекетті қолдайтын материалдар таратқан. Бұған қоса интернет арқылы өз әрекеттерін үйлестіріп отырған.

Құқық қорғау органдары қылмыстық топтардың өзара қақтығыстарын әлеуметтік желілерге шығарып, заңсыз әрекеттерді қалыпты құбылыс ретінде көрсетуге тырысқанын анықтады. Мұндағы мақсаттың бірі – жастарды қылмыстық ортаға тарту.

Операцияны Контрабанда және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы үйлестіріп отыр. Арнайы шараға Түркияның Ұлттық барлау ұйымы, полицияның барлау бөлімшелері және Киберқылмысқа қарсы күрес департаменті жұмылдырылған.

Елдің ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчидің айтуынша, билік қылмыстық топтардың қандай аккаунттар мен жасырын байланыс арналарына жүгінгеніне қарамастан, олардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қояды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес енді цифрлық кеңістікті де қамтиды.

Бұған дейін Түркия ұйымдасқан қылмыстың жаңа түрлерімен күресу үшін терроризмге қарсы бөлімшелерді орналастыратынын хабарлаған болатынбыз.

 

Ақзат Жиеналина