Түркияда қалып қойған «Гүлнәр турдың» клиенттеріне отандық ұшақтар жіберілетін болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР вице-премьері Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен кеңес барысында төртінші тәулік бойы Түркиядан ұша алмай отырған қазақстандық туристерге отандық әуе компанияларының ұшақтарын жіберу шешімі қабылданды, деп хабарлайды Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркияда қалып қойған «Гүлнәр турдың» клиенттеріне отандық ұшақтар жіберілетін болды

Кеше кеңес барысында 2 шілдеге дейін үш күн бойы түркиялық әуежай терминалдарында болған 300 қазақстандықты елге қайтару үшін қазақстандық әуе компанияларының тұрақты рейстер кестесін қайта қарауға шешім қабылданды. Көлік және коммуникация министрлігінің ұсынысы бойынша қазақстандық әуе компанияларының басшылары Түркияға ұшақтар жіберетін болды. Сөйтіп, Қазақстанның азаматтары жақын арада үйлеріне оралады. Еске салатын болсақ, осы аптада «Гүлнәр тур» туроператорының жүзден астам клиенттері Түркия мен Қазақстан әуежайларынан ұша алмай қалған. Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша, «Гүлнәр тур» бағыттарына қызмет етуші Jet Airlines әуе компаниясы ұшағын пайдалануға рұқсаты тек 30 маусымға дейін ғана болған. Бірақ соған қарамастан туроператор шілде айының рейстеріне де билет сатуды жалғастырып келген.