Түркияда қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу мақсатында кешенді бағдарлама басталады

АСТАНА. KAZINFORM —  Түркияда қараусыз иттер мәселесі өзекті болып тұр, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі. 

Түркияда қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу мақсатында кешенді бағдарлама басталады
Фото: millethaber.com.tr

Елде кішкентай балалар мен қарт адамдар жиі иттердің шабуылына ұшырайды, мұндай оқиғалардан соң адамдар қаза болатын жағдайлар да кездесіп жатады. Осыған байланысты Түркия үкіметі халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Түркияның Ішкі істер министрінің орынбасары Мүнир Караоғлу қараусыз жануарлар мәселесі елдегі ең күрделі әлеуметтік проблемалардың бірі екенін атап өтті. Ол ведомствоның бұл мәселені шешуге барлық күш-жігерін жұмсайтынын және бұл мәселені толық жоюды мақсат етіп қойғанын айтты.

Жақын арада қаңғыбас жануарларды аулап, оларды қалпына келтіру, вакцинациялау және жаңа иелерін табу бойынша кешенді бағдарлама іске қосылмақ. Караоғлу айтқандай, егер кейбір жануарларға жаңа үй табылмаса, оларға арнайы аймақтарда өмір сүру үшін жайлы жағдайлар жасалады.

Министр орынбасары бұл тәсіл тек жануарларға гуманитарлық көзқараспен қарауға ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын айтты. Ведомство еріктілер мен қайырымдылық ұйымдарымен бірге жұмыс істеп, жануарларға ыңғайлы өмір сүру үшін барлық қажетті жағдайды жасайды.

Жергілікті билік қараусыз жануарлар үшін қауіпсіз және лайықты жағдайлар жасау үшін инфрақұрылымды дайындауға кірісті. Бұл бағдарлама Түркияда көптеген қаланы қамтыған және қоғамда алаңдаушылық тудырған проблема шешу жолында маңызды қадам болмақ.

Ішкі істер министрлігі бұл бағыттағы жұмыстар ұзақ мерзімді перспективада жалғасатынын және жануарлардың ғана емес, азаматтардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Айта кетейік, Түркияда халық екі топқа бөлініп, көшелердегі иттерді аулау мәселесін талқылап жатыр. Кейбіреулер жануарларды қорғайды және оларға тамақ береді, ал басқалары олардың санын азайтуды талап етеді. Қараусыз иттер топталып, тұрғындарға белгілі бір қиындықтар туғызады. Мысалы, иттерде құтыру ауруы анықталғаннан кейін Түркияда бірнеше ауыл карантинге жабылды. Сондай-ақ, жақында Түркияда қараусыз иттер 12 жасар баланы өлтірді.

Бұған дейін Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған қаңғыбас иттер мәселесін шешу үшін ауқымды науқан басталғанын және мемлекеттік органдарды батыл қадамдарға шақырған болатын.

Айта кетелік Түркия ірі әлеуметтік желілерді өз аумағында компания ашуға міндеттейді.

 

Соңғы жаңалықтар