Түркияда кибертыңшылық жасады деген күдікпен 5 адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияда кибертыңшылық жасады деген күдікке ілінген бес адам ұсталды. Қазір бұл іске қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі. 

Түркияда кибертыңшылық жасады деген күдікпен 5 адам ұсталды
Фото: Anadolu

Түркияның Ұлттық барлау ұйымының үйлестіруімен Киберқауіпсіздік басқармасы мен Жандармерия Бас қолбасшылығы бірлескен операция өткізді. Нысанаға Анкарада орналасқан, кәсіподақтарға бағдарламалық қызмет көрсететін «Aydo Yazılım» компаниясы алынды.

Ұсталғандардың арасында компания басшысы мен қызметкерлері де бар. Тінту кезінде олардың үйлері мен кеңселерінен компьютерлер, ұялы телефондар және басқа да цифрлық құрылғылар тәркіленді.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, компания әзірлеген кейбір кәсіподақ бағдарламаларына арнайы интерфейс енгізілген. Ол кәсіподаққа мүше емес тұлғалар туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік берген. Жүйе арқылы азаматтың сәйкестендіру нөмірін енгізіп, оның жеке және тіркеу деректерін алуға болған.

Тергеу барысында деректер базасынан 18 жасқа толмаған тұлғалар туралы мәліметтер де табылған. Серверлерде «NVİ» белгісінің қолданылғаны анықталды. Бұл ақпараттың Халық және азаматтық мәселелері жөніндегі басқарма жүйелерінен алынғаны туралы түсінік берген. Алайда техникалық тексеріс мұндай ақпараттың мемлекеттік жүйелерден тікелей алынбағанын көрсетті.

Анықталғандай, компания Clock& Wise брендімен ұйымдарға Түркия заңнамасына сәйкес дербес деректерді қорғау мәселелері бойынша консультациялық қызмет көрсеткен. Қазіргі уақытта бұл жүйені қандай кәсіподақтардың пайдаланғаны және алынған деректердің қандай мақсатта өңделгені анықталып жатыр. Тәркіленген цифрлық материалдарды талдау нәтижесіне қарай тергеу ауқымы кеңеюі мүмкін.

Бұған дейін Түркияда интернеттегі қылмыстық топтарға қарсы арнайы операция басталғаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина