Түркияда күн мен жел энергетикасының үлесі артты
АСТАНА. KAZINFORM — Он жыл ішінде Түркияда күн және жел энергетикасының электр энергиясын өндірудегі үлесі айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Анкарадағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2016-2026 жылдар аралығында электр энергиясын өндірудегі күн энергетикасының үлесі 0,4%-дан 11,6%-ға дейін өсіп, 28 есе артқан. Ал осы кезеңде жел энергетикасының үлесі 5,7%-дан 12,1%-ға дейін көбейген.
Орнатылған қуат көлемі бойынша да өсім байқалады. Биыл шілде айының соңында Түркияның электр энергиясын өндірудегі жалпы орнатылған қуаты 126 476 МВт-қа жетті. Оның ішінде күн электр станцияларының қуаты 27 507 МВт немесе 21,7%-ды, ал жел электр станцияларының қуаты 15 358 МВт немесе 12,1%-ды құрады. Осылайша, күн және жел энергетикасының жалпы орнатылған қуаты 42 865 МВт-қа немесе жалпы көрсеткіштің 33,8%-ына жетті.
Сонымен қатар күн энергетикасы өндіріс көлемі бойынша рекорд жаңартуды жалғастырып келеді. Шілде айында күн электр станциялары өндірген электр энергиясының көлемі 5,37 млрд кВт·сағатқа жетіп, бақылау тарихындағы бір айдағы ең жоғары көрсеткіш болды. Бұл рекорд маусым айында тіркелген алдыңғы ең жоғары көрсеткіштен кейін жаңарды.
Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактардың айтуынша, соңғы он жылда ел энергетика саласын ауқымды түрде қайта өзгертті. Оның сөзінше, күн және жел энергетикасын дамыту елдің энергетикалық тәуелсіздікке толық қол жеткізуге, сондай-ақ неғұрлым таза әрі қолжетімді энергетикалық жүйе қалыптастыруға бағытталған саясатының бір бөлігі.
Түркия үкіметі жаңартылатын энергетика әлеуетін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Бұл саладағы жаңа мақсаттар қараша айында Антальяда өтеді деп жоспарланған БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясы – COP31 аясында таныстырылады деп күтілуде.
Бұған дейін Түркия энергетика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз.