Түркияда сот жұмыстан тыс уақытта WhatsApp арқылы берілген тапсырманы артық жұмыс деп таныды
АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұл апелляциялық соты жұмыс уақытынан кейін WhatsApp арқылы жіберілген қызметтік тапсырмалар артық жұмыс уақыты ретінде есептелуі мүмкін деген шешім шығарды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.
Түркияның Evrensel басылымының мәліметінше, Ыстанбұл өңірлік апелляциялық сотының 31-алқасы еңбек құқығына қатысты маңызды шешім қабылдаған.
Сот жұмыс күні аяқталғаннан кейін қызметкерге WhatsApp арқылы жолданған тапсырмаларды еңбек процесінің бір бөлігі деп таныды.
Сондықтан мұндай байланыс артық жұмыс уақыты ретінде есептелуі мүмкін.
Сот шешімінде бірнеше фактор негізгі дәлел ретінде көрсетілген.
Атап айтқанда, хабарламалардың қызметтік тапсырма сипатында болуы, жұмыс уақытынан тыс кезде тұрақты түрде тапсырма берілуі және қызметкердің үнемі байланыста болуға мәжбүр болуы ескерілген.
Заңгерлер соңғы жылдары еңбек дауларында цифрлық байланыс құралдары дәлел ретінде жиі қолданылып жатқанын айтады.
Соттарда WhatsApp хат алмасулары, Microsoft Teams жүйесіндегі тапсырмалар, электрондық хаттар және корпоративтік жүйелерге кіру-шығу деректері қаралады.
Түркияның еңбек заңнамасына сәйкес, аптасына 45 сағаттан асатын жұмыс уақыты артық жұмыс болып саналады.
Мұндай еңбекке әдеттегі сағаттық төлемнен 50 пайыз жоғары ақы төленуі тиіс.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта «байланыстан ажыратылу құқығына» қатысты талқылауды күшейтуі мүмкін.
Қазір Еуропаның бірқатар елінде жұмыс күні аяқталғаннан кейін қызметкердің жұмыс хабарламалары мен қоңырауларына жауап беру міндетін шектейтін нормалар қолданылады.
Осыған дейін Қазақстан мен Түркия арасындағы білім, медицина және инвестициялық байланыс күшейіп келе жақаны туралы жаздық.