Түркияда Ясауи мен Эвран туралы жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Түркия астанасында «Түркістаннан Анадолыға дейінгі өркениет көпірі: Ахилік» атты кітап пен «Ахмет Ясауиден Ахи Эвранға дейін» деректі фильмінің таныстырылымы өтті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Түркияның мемлекеттік құрылымдары мен түркі әлемі ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен іс-шара «Ахилік апталығы» аясында ұйымдастырылды. Жиында Түркістан мен Анадолы арасындағы тарихи сабақтастыққа, сондай-ақ қазіргі Қазақстан жеріндегі ежелгі Түркістанда туған Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасына айрықша назар аударылды.
Кітаптың алғысөзін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған жазған.
Оның пайымынша, Ахилік – қолөнершілер мен саудагерлерді ғана ұйыстырған дәстүр емес, түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасынан нәр алған, адамгершілік қағидалар мен қоғамдық құндылықтарды тоғыстырған тұтас рухани жүйе.
Жиында сөз алған Түркияның биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Куршад Зорлу Ахмет Ясауи мен Ахи Эвранның Түркістан мен Анадолы арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті. Ол Ясауидің еңбекке, адами қадір-қасиетке және бірлікке негізделген идеялары ахилик дәстүрінде жалғасып келе жатқанын мәлімдеді.
Өз кезегінде Зорлу Түркияның Ахилік дәстүрін ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енгізуге бастамашы болатынын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстарды түркі әлемі мемлекеттерімен бірлесіп атқару көзделіп отыр. Алдағы уақытта Анкара Ахилік дәстүрін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне де енгізуге күш салмақ.
Жиында түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесі де сөз болды. Күршад Зорлу Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің электронды саудасын дамытуға жол ашатын цифрлық платформа әзірленіп жатқанын айтты.
Саясаткердің айтуынша, түркі әлемі елдерінің жиынтық жалпы ішкі өнімі шамамен $2,2 трлн-ды құрайды. Алайда мемлекеттер арасындағы өзара сауда көлемі әзірге салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр.
Бұған дейін Түркия мектептерінде түркі әлеміне арналған жаңа курс енгізілгені хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина