«Түркияда Йассауи атында 74 мектеп бар» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 мамыр, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Қай қоғамда да діннің алатын орны айтарлықтай. «Дін - апиын» деген кешегі кеңестік кезеңде де ата буын дәстүрлі дінімізден қол үзіп, намазға жығылудан немесе дінмен байланысты берік орныққан әдет-ғұрыптардан жаңылған емес.
Қазіргі жағдай сәл өзгешерек. Қуанарлығы - жастарымыздың имандылыққа бет бұра бастауы. Өкінерлігі - мұсылмандыққа жат басқаша көзқарас-ұстанымдардың пайда болуы. Ал қоғамға діни тұрғыдан жіктелу аса қауіпті. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті дін саласына байланысты туындаған сауалдарына жауап алу мақсатында белгілі қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіні әңгімеге тартқан.
«Нақты мына жерден бастау алды деп дөп басу қиын. Тәуелсіздік алған соң бес-он жыл шамасында осындай келеңсіздік байқала бастады. Шетелге барып, сол жақтағылардың қаржысымен діни білім, тәрбие алып келген жастардың арасында түсініксіз ағымның жетегінде кеткендер болды. Олар елге оралған соң кері идеяларын басқаларға таңғысы келді. Қаржыларына оқытып, жастарға басқаша діни білім мен жат тәрбие бергендер оларды өз мүддесіне пайдалануды мақсат тұтып, санасын бүлдірді. Бөліну осылай басталды.
Бұған, әрине, бәріміз қарсы болдық. Мен кезінде «Қазағым, қайда барасың!» деген көлемді мақала да жаздым. Шеттен оқып келген бірқатар жас киім киісі, өзін ұстауы, діни құлшылық тұрғысынан басқалардан ерекшеленіп, сырттан үйреніп келген бағытымен жүргісі келді. Оны өзгелерге қатаң талаппен орындатуға тырысып, осы арқылы олардың құқына қол сұғуға дейін барды. Әуелі, ауыл-ауылды аралап үгіт айтып, онымен шектелмей, қорқытуға да кірісті. Қарапайым халықты өз айтқанына көндіру үшін діни шарттарды көлденең тартып, өздері оқып келген теріс идеямен ірітіп, уландыруға көшті»,-дейді қоғам қайраткері. Бұл жайында «Діни жіктелу- қоғам үшін аса қауіпті құбылыс» атты сұхбаттан толық оқи аласыздар.
Бас басылымда «Темір тордың арғы жағында да өмір бар» деген көлемді мақала берілген. «Түрме» деген сөзді естігенде небір адамның жаны түршігетіні рас. Бірақ ешкім де «темір торға қамалайыншы» деп қылмыс жасамайтындығы анық. Алайда бас бостандығынан айырылып жатқандар және аз емес. Өйткені, қаншалықты қылмысты ізгілендіру қолға алынса да, сотталып жатқандар тағы көп.
«Соған орай темір торға қамалғандар проблемасы, оларды ұстау, еңбекпен түзеу шаралары, бостандыққа шыққан соң өмірге қайта бейімдеу, жұмысқа орналастыру, олардың тәртібін бақылау және т.б. толып жатқан мәселелер көпшілікті алаңдатпай қоймайды. Демек, қазіргі уақытта осы еңбекпен түзеу мекемелерінде не тындырылып жатыр, темір тордағылар неліктен наразылық танытады, ұстау жағдайлары қалай, қандай деген секілді сұрақтар қоғамдағы түйткілдер мен келеңсіздіктерге бейжай қарай алмайтын адамдарды толғандыратыны сөзсіз. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» дегендей, бір себеп болмаса, ешкім де тектен-текке заңсыздық орын алды деп аттан салмайтыны анық. Ендеше, айналасы берік те, зәулім дуалмен қоршалып, оның үсті мың дөңгелене бұралған тікенек сымдармен көмкеріліп, ұшар басына қарасаң бас киімің жерге түсердей тұрғызылған бақылау мұнаралары самсап, алдына адамдар амалсыздан баратын терезелері тар, яки жоқтың қасы көрінген түсі сұрғылт та суық ғимараттар не сыр шертеді?»,-деп жазады мақала авторы.
***
«Айқын» газетінде Қ.А.Йассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыздың сұхбаты берілген. «Қожа Ахмет Йассауи университетінің өкілетті кеңес төрағалығы атынан ЮНЕСКО ұйымының комиссиясына осы жыл Йассауи жылы болып аталсын деген ұсынысымызды білдірген болатынбыз. 2015 жылдың желтоқсан айында біздің бұл ұсынысымыз БҰҰ-ның жалпы комиссиясында қаралды. Ол комиссияның жұмысына қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері бір ауыздан қолдады. Осылайша, ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің қолдауымен осы жыл Йассауи жылы болып қабылданды. Биыл Қожа Ахметтің өмірден озғанына
850 жыл. Негізгі деректерде 1166 жылы өмірден өткен делінеді. Енді әлемге таныту мақсатында не жасалды дегенге келсек, «Диуани хикмет» биыл бес тілде: шағатай, түрік, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Анкарада кітап болып басылып шықты. Оған 123 хикметі енді. «Диуани хикметті» көру және есту қабілеті нашар жандарға арнап та шығардық Бұған қоса Түркияда және Қазақстанда бірнеше халықаралық симпозиум, конференция, конгресс және танымдық шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сәуір айының ортасында Түркістанда өткен конгреске Түркиядан және әлемнің басқа елдерінен 200-ге тарта ғалым қатысты. Ал Анкарада өткен симпозиумге Қазақстан мен Түркиядан 80-дей ғалым қатысты. Негізгі шаралар қыркүйек, қазан, қараша айларында өткізіледі. Йассауидің парсыша жазылған екі мақаласы жақында түрік тіліне тәржімаланды, енді ол қазақша жарияланады»,-дейді ғалым. Бұл сұхбат басылымда «Түркияда Йассауи атында 74 мектеп бар» атты тақырыппен жарияланды.
Осы газетте «Әлі ешкім көзірін ашқан жоқ» деген мақала берілген. Атышулы «Италия туры» кеше екінші демалыс күнін өткерді. Қызғылт түсті жейде үшін тартыс енді ғана басталады.
«Астана» командасы бұл жолы сынға Винченцо Нибалиді көшбасшы ретінде қосты. «Акула» өткен жылы «Тур де Франс» пен «Вуэльтада» жұрт сүйсінер өнер көрсете алған жоқ. Тіпті Испания жолдарындағы жарыста айыпқа ұрынып, сыннан шығып та қалды. Бірақ мықтының аты мықты. Бір жолғы, я бір жылғы сәтсіздігі үшін Нибали сияқты дарабоздан бас тарту ақымақтық болар еді. Дәл осы «Акуланың» қанатының астында бір-екі жыл айналасында ғана Фабио Ару сияқты мықты «көпкүндікшінің» өсіп шығуы да «Астана» саясатының оң екенін көрсетсе керек. Сондықтан Нибали биыл Италия жолдарына «Астананың» көшбасшысы ретінде қайта шықты.
«Әдеттегіше ғана емес, үстіне Италия чемпионы екенін білдіретін жейде киіп жүр. Демек, оны қай жағынан қарасаңыз да - жарыстың басты фавориті. 2013 жылы «Астанаға» осы «Джироның» бас жүлдесін алып берген саңлақ биыл да сол жеңісін қайталауға тырысады»,-деп жазады басылым.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Тұрақты тіркесті тұрпайылауға жол бермеу керек» деген мақала басылды. Біз оқыған қазақ тілінің грамматикалық ережелерінде қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін бұзып және өзгертіп айтуға да, жазуға да болмайды деп тұжырымдалған еді. Өкінішке қарай, қазір тұрақты сөз тіркестерін, фразеологизмдерді қалай болса солай жаза салу, айта салу белең алып кеткендей.
«Оған мысал іздесек алысқа барудың қажеті жоқ. Теледидарды қосып қарасаңыз да, кейбір жастар мен жасамыстардың сөйлеп жүрген сөздеріне назар аударып, зер салсаңыз да жеткілікті. Мақаламда сондай мысалдың бірқатарына тоқталамын. Бірден ескерте кететін жайт, бұл мысалдар жылдар бойы БАҚ беттерінен жинақталғандықтан оның жарияланған мерзімі, сілтемесі өзімде сақтаулы. Оның барлығын теріп жатпастан, бұзылған тұрақты сөз тіркестеріне көбірек тоқталуды жөн көрдім»,-деп жазады мақала авторы.