Түркияда заңсыз көші-қонға қарсы операция жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның 23 провинциясында заңсыз көші-қонға қарсы арнайы операциялар жүргізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Ауқымды арнайы операция барысында мигранттарды заңсыз тасымалдауды ұйымдастырды деген күдікпен 48 адам ұсталды. Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 31 күдікті сот шешімімен қамауға алынды, тағы 17 адам сот бақылауымен босатылды.
Операцияларды жандармерия мен жағалау күзеті бөлімшелері ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жердегі жедел топтардың көмегімен жүргізді. Рейдтер барысында мигранттарды тасымалдау үшін пайдаланылды деген күдікпен 83 автокөлік және 18 қайық пен қайық қозғалтқышы тәркіленді.
Невшехир провинциясында сот Сивастан төрт заңсыз мигрантты тасымалдады деп айыпталған ер адамды қамауға алды. Полиция мәліметінше, ол әр адамды тасымалдау үшін 50 мың түрік лирасына, яғни 1 мың доллардан сәл астам сомаға келіскен.
Түркия билігі заңсыз көші-қонмен және адам саудасымен айналысатын желілерге қарсы күресті жалғастыратынын мәлімдеді. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі операциялар адам құқықтарын сақтай отырып және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы жүргізілуі керектігін атап өтті.
Бұған дейін Түркияда заңсыз көші-қонға қарсы күрес күшейтіліп жатқаны хабарланған болатын.
Айта кетелік Түркия халқының саны 86,3 млн-нан асқаны туралы жазған едік.