Түркияда жел энергетикасының қуаты 16 ГВт-қа жуықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жылдардағы жаңа қуаттарды рекордтық көлемде іске қосу нәтижесінде Түркияда жел энергетикасы тұрақты өсімін жалғастырып келеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ветроэнергетика Турции продолжает рост: установленная мощность достигла почти 16 ГВт
Фото: Anadolu Ajansi

Түркияның жел энергетикасы қауымдастығы жариялаған салалық есепке сәйкес, биылғы қаңтар айындағы жағдай бойынша елдегі жел электр стансаларының орнатылған қуаты 15 934 мегаваттқа жеткен. Мұндай көрсеткішке өткен жылы пайдалануға берілген 2 141 мегаватт көлеміндегі жаңа қуаттардың есебінен қол жеткізілген.

Саланың дамуы тұрақты әрі кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жел энергетикасы қуаттарының ең жоғары шоғырлануы Мәрмәр өңіріне тиесілі – 6 968 мегаватт.

Екінші орында Эгей өңірі тұр, мұнда көрсеткіш 4 495 мегаваттты құрайды.

Одан кейін Орталық Анадолы өңірі келеді, оның үлесі – 1 733 мегаватт.

Қалалар арасында жел энергетикасының орнатылған қуаты бойынша көшбасшы болып Измир қаласы қалып отыр – 2 307 мегаватт. Одан кейін Чанаккале, Балыкесир, Стамбул және Маниса орналасқан.

TÜREB президенті Ибрахим Эрден 2025 жылдың тек қуаттарды арттыру тұрғысынан ғана емес, инвестициялық ахуалды жақсарту шаралары арқылы да маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және қуаттарды бөлу тетіктерін дамыту инвесторлар үшін неғұрлым болжамды жағдай қалыптастырып, ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Қауымдастықта сондай-ақ 2035 жылға қарай жел және күн энергетикасының жиынтық орнатылған қуатын 120 мың мегаваттқа дейін жеткізу мақсат етіліп отырғаны айтылды. Бұл алдағы жылдардағы инвестициялық белсенділіктің негізгі бағдарын айқындайды.

Бұған дейін сирек кездесетін процесс Түркия топографиясын өзгертіп жатқаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар