Түркияда жер сілкінді: 57 адам қаза тапты
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат - Түркияның шығысындағы Элязиг провинциясында болған зілзала құрбандарының саны 57 адамға жетті. Си-Эн-Эн-Түрік телеарнасына сілтеме жасап ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарлауынша, тағы елуге жуық адам түрлі жарақаттармен ауруханаларға түскен.
Провинцияда кеше мәскеу уақыты бойынша таңғы сағат 5:33-те және 10:47-де 6,0 және 5,5 балдық жер сілкінісі орын алды. Жерасты дүмпулері көрші провинцияларда да сезілген. Сарапшылардың хабарлауынша, сейсмикалық белсенділік провинция аумағы орналасқан жер қыртысы қабаттарының қозғалысымен байланысты. Аймақта іздеу-құтқару шаралары жалғасуда. Өкімет зардап шеккендер мен баспанасыз қалғандарды шатырлармен, көрпелермен, ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. Түркияның тұрғын үй құрылысы басқармасы зардап шеккен үйлерді қысқа мерзімде қалпына келтіруге уәде беріп отыр.