Түркиядағы «Аккую» АЭС-і жыл соңына дейін сынақ режимінде электр энергиясын өндіре бастайды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия билігі елдегі алғашқы атом электр станциясы — «Аккую» АЭС-інде биылғы жылдың соңына дейін сынақ режимінде электр энергиясын өндіруді бастауды жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлады.
Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактардың айтуынша, «Аккую» АЭС-інің бірінші энергоблогында нысанды пайдалануға беру алдындағы халықаралық талаптарға сәйкес көзделген сынақ бағдарламасы жалғасып жатыр.
Министрдің мәліметінше, жалпы саны екі мыңға жуық сынақ жүргізілуі тиіс. Қазіргі уақытта соның шамамен 15–20 пайызы орындалған. Барлық сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін Түркия жыл соңына дейін станцияда сынақ режимінде электр энергиясын өндіруді бастауды көздеп отыр.
«Аккую» АЭС-і — Түркия тарихындағы алғашқы атом электр станциясы. Жоба Ресейдің қатысуымен жүзеге асырылуда. Станция құрамына әрқайсысының қуаты 1200 мегаватт болатын, III+ буындағы ВВЭР-1200 реакторларымен жабдықталған төрт энергоблок кіреді.
Жоба «салу — иелену — пайдалану» (Build–Own–Operate) моделі бойынша іске асырылуда. Бұл үлгіге сәйкес, бір компания станцияны салып, оның иесі болып қала береді әрі кейінгі пайдалану жұмыстарын да өзі жүзеге асырады.
Бұған дейін Түркия тарихындағы алғашқы атом электр станциясы — «Аккую» АЭС-інің бірінші энергоблогының құрылысы іс жүзінде толық аяқталғаны хабарланған болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркия тарихындағы алғашқы атом электр станциясы «Аккуюдың» бірінші энергетикалық блогы аяқталуға жақын.