Түркиядағы Қара теңізден жаңа газ кен орны табылды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы жылдардағы маңызды энергетикалық жаңалықтардың бірін Түркия жария етті, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркиядағы Қара теңізден жаңа газ кен орны табылды
Фото: ntv.com.tr

Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, Сакарья газ кен орнындағы Göktepe-3 учаскесінде 49 күндік бұрғылау жұмыстарынан кейін табиғи газ қоры табылды. Жалпы көлемі – 75 миллиард текше метр, бұл шамамен 30 миллиард долларға бағаланып отыр.

Алдын ала есептеулер бойынша, бұл көлем Түркияның ішкі сұранысын 3,5 жыл бойы қамтамасыз ете алады. Жаңа кен орны елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайта түседі және Анкараның жанармай импортына тәуелділікті азайту жөніндегі ауқымды стратегиясының бір бөлігі саналады.

Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар табылған кен орнын игеру жұмыстары жеделдетілетінін, өндірістік ауқымдағы газ өндіруді мүмкіндігінше тез бастау көзделіп отырғанын мәлімдеді. Жаңа кен орны энергия тасымалдаушыларын импорттауға жұмсалатын шығынды едәуір азайтып, Түркияның аймақтағы энергетикалық ойыншы ретіндегі орнын күшейтеді деп күтіледі. 

Байрактардың айтуынша, Göktepe-3-тегі газ қорының табылуы Қара теңіз қайраңының болашағы зор екенін және Түркияның энергетикалық инфрақұрылымды дамытудағы жетістіктерін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Бұған дейін біз Түркияның жаңа Ыгдыр–Нахчыван газ құбыры арқылы Әзербайжанға газ жеткізуді ресми түрде бастағанын хабарлаған болатынбыз. Көгілдір отын осы жаңа бағытпен тасымалданатын болады.

Соңғы жаңалықтар