Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде сайлау учаскелері құрылды
АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай сайлауы қарсаңында Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде және Ыстанбұл, Анталья және Измир қалаларындағы Бас консулдықтарда сайлау учаскелері құрылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Түркиядағы Қазақстан азаматтары сайлау күні дауыс беру құқығын пайдаланып, Қазақстан Республикасының Анкарадағы елшілігі жанындағы №450 сайлау учаскесінде, Бас консулдықтарда – Ыстанбұл қаласындағы №419 сайлау учаскесінде, Антальяда №460 сайлау учаскесінде және Измирде №512 сайлау учаскесінде жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін дауыс бере алады.
Дипломатиялық өкілдікте атап өтілгендей, қазіргі уақытта Анкара, Ыстанбұл, Анталья және Измир консулдық округтеріндегі төрт сайлау учаскесінің барлығында Түркия аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шамамен 1900 қазақстандық сайлаушылар тізіміне енгізілген.
Сайлау күні дауыс беру үшін азаматтардың Қазақстан Республикасы азаматының жарамды төлқұжаты немесе жеке куәлігі болуы керек.
Түркиядағы сайлау учаскелерінің мекенжайлары: № 450 — Анкара қаласы, Кылыч Әли көшесі, 6; № 419 — Ыстанбұл қаласы, Йешильюрт даңғылы, 7/9; № 460 — Анталья қаласы, 2074 көше, № 16; және № 512 — Измир қаласы, Манас бульвары, 47.
Сұрақтар туындаған жағдайда Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігіне +90 312 491 91 00 телефоны арқылы хабарласуға болады.
Қосымша ақпаратты Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының www.election.gov.kz сайтынан табуға болады.
Осыған дейін «Құрылтай LIVE» платформасы іске қосылғанын хабарладық.
Құрылтай сайлауын 777 халықаралық байқаушы бақылайды.
Айта кетейік, 23 тамызда сайлау учаскелерінде онлайн тіркеу сервистері іске қосылады.