Түркиядағы жылжымайтын мүлік сатылымы рекордтық көрсеткішке жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның жылжымайтын мүлік нарығы 2025 жылы рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, транзакциялар көлемі 3,3 миллион болды, деп хабарлайды Анадолы.

Түркия
Фото: Chris McGrath / Getty Images

2024 жылдың сәйкес кезеңдерімен салыстырғанда транзакциялар санының өсуі қаңтар, ақпан, сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек және желтоқсан айларында тіркелді. Төмендеу тек наурыз, қазан және қарашада байқалған.

Қаңтар-желтоқсан аралығында жылжымайтын мүлікті сату 8,7% өсіп, 3 332 994 транзакцияны құрады, бұл рекордтық ең жоғары жылдық көрсеткіш. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы орнатылып, 3 234 200 транзакция жасалған.

Есепті кезеңде жер-кадастр органдары 20 миллионнан астам түрлі операцияларды өңдеді. Оның маңызды бөлігі жылжымайтын мүлікті сатып алу және сату болды. Мәмілелердің айтарлықтай көлемі ипотекалық рәсімдер мен мүліктік құқықтарды мұраға қалдырумен байланысты болды. Сонымен қатар, кадастрлық мәліметтерді түзету, мемлекет мұқтажы үшін мүлікті алып қою, жылжымайтын мүлікті бөлу және біріктіру, сыйға тарту, жер учаскелерін қайта бөлу жүргізілді.

Тіркеу жарнасынан түскен кіріс 74,9 пайызға артып, 168 миллиард 146 миллион 103 мың лираға жетті, оның 160,7 миллиард лирасы жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату операцияларынан алынды.

Бұған дейін Түркияда 24 млн адам баспана жалдап тұруға мәжбүр екенін жазған едік.

Сондай-ақ бұл ел жалған жылжымайтын мүлікке қатысты 451 «алтын» төлқұжатты қайтарып алды. Шешім шетел азаматтарына жалған жылжымайтын мүлік сату арқылы азаматтық алу талаптарын айналып өтуді ұйымдастырған қылмыстық топты жоюға бағытталған ауқымды арнайы операцияның нәтижесінде қабылданды.

Соңғы жаңалықтар