Түркиядан ауыр хәлдегі екі қазақстандық медициналық авиациямен елге жеткізілді
АСТАНА. KAZINFORM — 24 наурызда жағдайы ауыр екі Қазақстан азаматы Түркиядан Қазақстанға бір рейспен сәтті жеткізілді, деп хабарлайды ДСМ баспасөз қызметі.
Тасымалдау Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиациясының күшімен жүзеге асырылды.
— Тыныс алу жеткіліксіздігі және өткір өкпе ісігі диагнозы бар 1966 жылы туған ер адам Алания қаласынан жеткізілсе, ми қатерлі ісігі диагнозына шалдыққан 2019 жылы туған бала Ыстанбұл қаласынан елге оралды, — делінген хабарламада.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиация мобильдік бригадасының дәрігерлері — Дәурен Баймышев, Райхан Исмағұлова, сондай-ақ фельдшерлер Асылбек Тоқтыбаев пен Ерулан Құндақбаев және әуе кемесінің экипажының жоғары кәсібилігінің арқасында тасымалдау сәтті өтті.
Бұдан бұрын Павлодарда жаңа туған егіздер санавиациямен облыс орталығына жеткізілгенін жазғанбыз.