Түркиядан Қытайға Орта дәліз арқылы алғашқы жүк пойызы аттанды

АСТАНА. KAZINFORM – Орта дәліз бағыты бойынша алғаш рет Түркиядан Қазақстан арқылы Қытайға кері контейнерлік тасымал ұйымдастырылды.

орта дәліз
Фото: Ақорда

Жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымы «KTZ Express» АҚ-ы мен түркиялық Pasifik Eurasia Lojistik Dış Ticaret A.Ş. компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылды.

Контейнерлік пойыз Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Измир – Ақтау порты – Алтынкөл станциясы – Чэнсян бағытымен жүріп өтті. Соңғы нүкте Қытайдың Фуцзянь провинциясында орналасқан.

Пойыз құрамында тұрмыстық тоңазытқыштар тиелген 50 қырықфуттық контейнер болған.

- Қазақстан аумағындағы Ақтау порты мен Алтынкөл станциясы арасындағы транзиттік уақыт 83 сағатты құрады.

Жобаны іске асыру Орта дәліздің шығыс бағыттағы, яғни Түркия мен Еуропадан Қытайға жүк тасымалдауда тиімді әрі бәсекеге қабілетті бағыт ретінде сұранысы артып келе жатқанын көрсетті, - делінген ҚТЖ таратқан ақпаратта.

Мамандардың мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалы көлемі 34 пайызға өскен.

Айта кетейік, бұған дейін Ормуз бұғазының жабылуы «Орта дәлізге» сұранысты арттырып отырғаны хабарланды.