Түркиялық компания отандық агрожобаларға 160 млрд теңге инвестиция құймақ
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Түркия арасында 2018 жылдан бері 23 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті.

— Қазақстан мен Түркия арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ынтымақтастық жылдан жылға нығайып жатыр. Тауар айналымы 300 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жұмысты одан әрі күшейтіп жалғастырамыз, өйткені резерв әлі де бар, — деді Айдарбек Сапаров.
Министрдің мәлімдеуінше, 2018 жылдан бері екі ел арасында 23 инвестициялық жоба қолға алынған, соның 18-і іске қосылды, 5-і іске қосу барысында.
— Бүгін Tiryaki Holding компаниясы басшылығымен кездесу өтті. Бізде бидай көп өндіріледі, оны тиімді экспорттау үшін Астанада бидайды терең өңдеу зауытын ашпақшымыз. Сол жобаға 160 млрд теңге инвестиция құйылады, алғашында 110 млрд теңге тартылады, екінші кезеңде 50 млрд теңге. Бұл жерде бидаймен қатар бұршақ өнімдері терең өңделеді. Бізде СҚО-да бір ғана зауыт бар, мынау екінші зауыт болады. Басқа өңірлерге келсек, Қостанай және Ақмола облысында жоба жалғасады. Бидай өндірісі өсіп жатыр, экспорттауға жолымыз жақсы ашылады деп ойлаймыз, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Айта кетейік, қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда ресми сапармен жүр. Бүгін Президент S Sistem Lojistik компаниясының басқарма төрағасымен кездесті.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы сапар барысында YDA Holding басқарма төрағасы Хусейн Арсланды қабылдады.