Түркияның энергия жүйесінде күн мен жел үлесі 33 пайызға жетті
АСТАНА. KAZINFORM - Түркияда күн мен жел электр станиялары қуатының бірлескен үлесі биылғы жылдың басынан бері 40 мың мегаватты құрады. Бұл елдің аймағындағы қуаттың үштен бірі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.
Жыл басындағы дерекке сәйкес, елдегі күн және жел электр станцияларының жиынтық қуаты 40 мың мегаваттан асты. Қаңтар айының соңында Түркияның жалпы орнатылған электр қуаты 123 284 мегаватқа жеткен.
Түркияның Энергетика және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, жаңартылатын энергия көздері 77 114 мегаватт немесе жалпы қуаттың 62,5 пайызын құрайды.
Күн энергиясы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Оның орнатылған қуаты 25 827 мегаваттқа жетіп, жалпы көрсеткіштің 20,9 пайызына тең болды. Ал жел энергиясының қуаты 14 862 мегаваттты құрап, үлесі 12,1 пайызға жетті.
Осылайша, қаңтар айында елдегі күн және жел электр станцияларының жиынтық қуаты 40 689 мегаваттқа жетіп, Түркияның жалпы орнатылған қуатының 33 пайызын құрады.
Бұл - елдің жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жүйелі саясатының нәтижесі.
Бұған Түркияда жел энергетикасының қуаты 16 ГВт-қа жуықтағаны туралы жаздық.
Сондай-ақ Түркия энергетикада халықаралық ынтымақтастықты нығайтпақ.