Түркияның Орталық банкі инфляцияның баяулауын күтіп отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Түркияның негізгі қаржы реттеушісі инфляциялық көрсеткіш бойынша оң болжамын жасады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Түркияның Орталық банкі инфляция қарқыны бойынша жаңартылған болжамын жариялап, алдағы жылдары баға өсімінің біртіндеп төмендейтінін белгіледі.
Реттеуші органның басшысы Фатих Қараханның айтуынша, елдегі инфляция 2025 жылдың соңына қарай 31-33%-ға дейін баяулауы, ал 2026 жылға қарай 13-19%-ға дейін төмендеуі тиіс.
— Инфляцияны төмендету процесі кезінде біз аралық мақсаттарға жету үшін қатаң ақша-несие саясатын ұстануды жалғастырамыз, — деп атап өтті Қарахан.
Сарапшылардың пікірінше, Орталық банктің мәлімдемесі бизнестің тарапынан қысымға қарамастан пайыздық мөлшерлемелерді көтеру және өтімділікті қатаң бақылау саясатын сақтау ниетін танытып отыр.
Инфляцияны төмендету жылдар бойы баға тұрақсыздығынан кейін Түркия билігінің негізгі мақсаттарының бірі болып қалып отыр. Реттеуші орган саясатты қатаңдату түрік лирасына сенімді қалпына келтіріп, тұрақты экономикалық өсімнің негізін қалайды деп үміттенеді.
Бұған дейін Түрік лирасы өз құнының 97%-ын жоғалтқанын жазған болатынбыз.