Түркияның медициналық туризм саласынан не үйренуге болады? (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Озық елдердің көбі қатты дамытқан бағыттың бірі - медицина, соның ішінде, медициналық туризм. Қазір әлемнің 50 елі бұл бағыттың дамуын мемлекеттік саясатпен бір деңгейге қояды. Ал, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің зерттеуі - Қазақстанға келіп емделу Еуропаға барып ем іздеуден әлдеқайда арзан екенін көрсеткен. Әрине, бұл ретте, медициналық қызметтердің түрін, сапасы мен соңғы нәтижесін де ескеру керек. Жалпы, медициналық турзим - Қазақстанның енді-енді білек сыбана кіріскен саласы болғандықтан, халықаралық тәжірибені ескеру, медицина бойынша берік серіктестеріміздің сын-пікірін тыңдау өте өзекті.
Бұл ретте, Түркия мемлекеті - өзіндегі медициналық туризмнің әлеуеті бойынша көшбасшы елдердің соңында емес. Сондықтан, реті түскен соң, Түркия Республикасы Анталия облысы денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі, халықаралық деңгейде аты белгілі маман Унал Хунур мырзамен сұхбаттасып, «Түркияның медициналық турзимнен не үйренуге болады?» деген сұрақтың жауабын іздедік.
- Унал мырза, алдымен мына сұраққа жауап беріңізші: медициналық турзим ел экономикасына қалай ықпал ете алады?
- Нақты Түркияны алатын болсақ, соңғы он жылда Түркияның медицина жүйесі аймақтық тұтынушыларды ғана емес, әлемнің әр түпкірінен келетін тұтынушыларды қанағаттандыра алатын медициналық қызметтердің стратегиялық орнына айналды. Еліміз денсаулық сақтау жүйесінде бірқатар реформалар жүргізген соң, бұл сала өрге басты да мемлекеттің негізгі кіріс көзіне айналды. Жыл сайын Түркияға келетін 40 млн туристің кемінде 300 мыңы, көбіне, Азия және поскеңестік елдерден келетін туристердің көбі сырқатына демеу іздеп келеді екен. Біздің еліміздегі медицинаның осылай өркендеуінің құпиясын ашайын. Ең алдымен айтарым, Түркияның медициналық туризмі «АВСЕ» қағидасының аясында дами бастады. Бұл жерде:
А дегеніміз - Availability, яғни, визасыз режим, қолжетімді медицина;
B дегеніміз - Be ethical, яғни, этикалық ережелер (Еліміздің денсаулық сақтау министрілігі науқастардың құқықтары туралы ереже бекітті);
C дегеніміз - Continuity, яғни, үзіліссіз қызмет көрсету. Біздің елімізге келіп емделген азаматты осындағы дәрігерлер науқас еліне оралған соң да қашықтықта консультация беріп отырады:
E дегеніміз - Economic, яғни біздің медицина қаржы жағынан қолжетімді.
Міне, осылайша, Түркияның медициналық турзимнен мемлекет бір жылда 3 млрд доллар пайда көріп отыр.
- Сонда әлгі 300 мың турист қандай дертке дауа іздеп келеді?
- Ең көп қаралатын науқастар онкологиялық аурулар мен жүрек ауруларына ем іздеп келеді. Сондай-ақ, көз аурулары мен нейрохирургия бойынша да сұраныс жоғары. Ал, ең бірінші қатарда тұрған қызмет - органдардың трансплантациясы. Жылына 3,5 мыңнан астам осындай операция жасаймыз.
- Қазақстанда қазір өзектеніп тұрған бір мәселе - дәрігердің қағазбастылығы. Науқасты тексеруден бұрын, қалың қағаз толтыру керек. Сіздерде бұл мәселенің жайы қалай?
- Жоғарыдағы реформалардың аясында Түркия науқастардың медициналық картасын қағазға толтырудан мүлде бас тартты. Қазіргі технологиялық жүйенің арқасында әрбір науқастың ауруы туралы тарих, қолданған ем-шаралар, емделген уақыттары мен фармацевтикалық мәліметтері онлайн-режимде «e-devlet» ( Қазақстандағы «е-gov.kz» порталының баламасы -агенттік) порталында сақталып тұрады. Осылайша, кез келген адам денсаулығын осы сайт арқылы «қадағалап» отырады және керек дәрігеріне тіркеле алады. Тағы бір қызық тәжірибемізді айтып берейін. Бізде «электронды рецепт» деген ұғым бар. Яғни, науқасты тексерген дәрігер оған зерттеу қорытындысына сай электронды код береді. Науқастың қалауы бойынша ол кодты ұялы телефонына жіберуге болады. Ал, гаджет қолданбайтын адам болса, қағазға жазып береміз. Осы электронды кодты дәріханаға көрсетсеңіз жеткілікті, дәріхана қызметкері керек дәріні береді, яғни, сізге бірнеше дәрінің атын жаттап, немесе қағазға жаздырып жүрудің қажеті жоқ.
- Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарияларға қандай қолдау бар?
- Дәл қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қариялар үшін үйінде отырып-ақ өз денсаулығын қадағалай алатын электронды аппараттарды дамытып жатырмыз. Яғни, олар үйінде отырып қан қысымын, қант деңгейін, қанның өзге де көрсеткіштерін өздері текере алады. Электронды аппараттың арқасында науқастың осы анализдері автоматты түрде емдеуші дәрігеріне келеді. Дәрігер анализдерге алаңдаса, адамды шақыртып емдей бастайды, ал бәрі дұрыс болса, қашықтықта отырып, дәрі-дәрмегін жазып береді. Бірақ, аппараттың құны 35-40 мың доллар шамасында. Сондықтан, қазір мұндай аппарат ерекше күтімді қажет ететін науқастарда бар.
- Уақыт тапшылығына қарамастан Түркияның мол тәжірибесі туралы мол ақпарат бергеніңізге рақмет!
P.S: Материал Жерортатеңіз аймағын дамыту мен таныту жөніндегі мемлекеттік агенттіктің (BAKA - Batı Akdeniz Kalkınma Ajansı) және Әлем және Түркия бойынша емделу шараларын ұйымдастыратын халықаралық тәуелсіз Remed Assistance компаниясының көмегі негізінде әзірленді.