ТҮРКПА: Қазақстандағы сайлау тыныш әрі ашық өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) миссиясы Қазақстандағы сайлау барысына оң баға берді. Бұл туралы ТҮРКПА Құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссияның төрағасы, Түркия Ұлы ұлттық мәжілісінің депутаты, миссия басшысы Осман Местен мәлімдеді.
Оның айтуынша, ТҮРКПА миссиясы 22 тамызда Қазақстанға келіп, өз міндеттерін орындауға кіріскен.
– Дауыс беру күні біздің бақылаушыларымыз сайлау учаскелеріне таңғы сағат 7:00-де келіп, кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеді. Сайлау процесі тыныш әрі қолайлы жағдайда өтті, – деді Осман Местен.
Миссия басшысы бұл үдерісті Қазақстан мен бүкіл қазақ халқы үшін тарихи оқиға деп бағалады.
– Біздің миссиямыз Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы мен сайлау ұйымдарының әйелдердің, жастардың және жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың сайлау процесіне қатысуын қамтамасыз ету бағытында атқарған жұмыстарын ерекше атап өтеді, – деді ол.
Осман Местеннің айтуынша, ТҮРКПА бақылаушылары бірнеше сайлау учаскесінде мониторинг жүргізіп, дауыс беру барысының тыныш өткеніне көз жеткізген.
Сонымен қатар ол сайлау комиссияларының халықтың барлық топтарының, Қазақстанның барлық азаматтарының сайлауға қатысуына жағдай жасау үшін қабылдаған шаралары жоғары деңгейде болғанын атап өтті.
– Халықаралық бақылаушылар ретінде біздің миссиямыз тиісті халықаралық стандарттарға сәйкес осындай миссияларды өткізу қағидаттарын басшылыққа алды, – деп түйіндеді Осман Местен.
Айта кету керек, ШЫҰ байқаушылар миссиясы Құрылтай сайлауын демократиялық әрі ашық өтті деп бағалады.