ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді

АҚТАУ. АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті. Басқосуда 5 сәуір күні өткен «Ақтау – Түркі әлемінің астанасы» атты халықаралық мәдени шараның ашылу салтанаты қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлім етті.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тараптар жыл соңына дейін жоспарланған мәдени іс-шаралар легін сапалы әрі мазмұнды өткізу жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ жиында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев айтулы шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, ризашылығын білдірді.

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Мұндай көлемді, мазмұнды әрі идеялық жағынан терең шара бұрын-соңды болған емес. Шын мәнінде, бұлай болады деп күтпедім. Этноауылда халықтың бір-бірімен етене араласып, қонақжайлық танытып, шынайы бауырмалдығына куә болдық. Қатысушылар мен өнерпаздар дән риза, — деді Сұлтан Раев.

Өз сөзінде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың тарихи-мәдени болмысына тоқталды. 

ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Ақтауда өткен шараға жоғары баға берді
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту — баршамыздың ортақ міндетіміз», — деп айтқан еді. Расында да, Абыл мен Есір, Қашаған мен Сүгір, Әбіш Кекілбаев ағамыз сынды ұлы тұлғалар дүниеге келген мекенде мәдениет болмауы мүмкін емес. Бұл — руханияттың қайнар көзі, мәдениеттің ордасы. «Ақтау — Түркі әлемінің астанасы» шарасына 100 мыңға жуық адам жиналып, Маңғыстаудың мәдени әлеуетін дәлелдеді. Жыл соңына дейін жоспарланған іс-шараларды абыроймен өткіземіз деп сенемін, — деді Нұрдәулет Қилыбай.

Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Ақтауға түркі әлемінің мәдени астанасы мәртебесінің берілуімен құттықтағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар