Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан әкімінің орынбасары тағайындалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облыстық комиссиясының қорытындысы негізінде және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының өкімімен қала әкімінің орынбасары лауазымына Айдос Тоғызбаев тағайындалды.

Түркістан әкімінің орынбасары тағайындалды
Фото: Түркістан әкімдігі

Айдос Тоғызбаев 1988 жылғы 28 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары. М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық институтын және Қазақ технология және бизнес университетін тәмамдаған. Мамандығы — құқықтану және экономика.

Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 15 жылдан асады. Еңбек жолын 2008 жылы Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында іс жүргізуші қызметінен бастаған.

2009-2012 жылдары Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жетекші маман, Алматы қаласы Жетісу ауданы № 2 аудандық сотында жетекші маман, «Қазақстан құстары» ЖШС-нің заңгері, «Building +» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды.

2012-2019 жылдары ҚР Әділет министрлігі департаментінде басқарма сарапшысы, бас сарапшы, сондай-ақ Жоғарғы Сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Персоналды басқару бөлімі Кадр жұмысы секторының бас консультанты — әдеп жөніндегі уәкілі болды. Сонымен қатар 2019-2021 жылдары Түркістан облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары, 2021-2025 жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің басшысы қызметін атқарды.

2025 жылдың ақпан айынан бастап осы тағайындауға дейін Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек етті.

Жаңа қызметінде Айдос Тоғызбаев коммуналдық шаруашылық, құрылыс, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларына жетекшілік етеді.

Бұған дейін Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментіне жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.