Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан алғаш рет ең танымал туристік өңірлердің қатарына енді

АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан ішінде туристер ең көп демалған өңірлер белгілі болды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Түркі елдерінің Түркістандағы бейресми саммитіне 500 журналист жиналды
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Туризм индустриясы комитеті төрағасының орынбасары Айдын Қапашевтың айтуынша, биылғы бірінші тоқсанда ішкі туристер ең көп барған өңірлер қатарында Ақмола облысы, Шымкент қаласы, Алматы облысы, Түркістан облысы және Шығыс Қазақстан облысы бар.

– Соңғы жылдары ішкі туризмде өңірлік құрылымның өзгергені байқалады. 2022–2023 жылдары көшбасшылар қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары болса, 2024 жылы Маңғыстау облысы туристер санының айтарлықтай өсуінің арқасында алдыңғы орынға шықты. 2025 жылы Ақмола және Алматы облыстары көшбасшылық позициясын нығайтты. Ал 2026 жылдың I тоқсанында Түркістан облысы алғаш рет ішкі туристер ең көп барған бес өңірдің қатарына енді. Бұл өңірдегі туристік инфрақұрылымның дамуы мен тарихи-мәдени туризмге қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді, – деді ол.

Комитет мәліметінше, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, туристер ең көп тоқтаған өңірлердің көшін Алматы қаласы (472 930 турист) бастап тұр. Одан кейін Астана қаласы (352 243), Ақмола облысы (161 169), Шымкент қаласы (139 443) және Алматы облысы (112 845) орналасқан.

2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында туристер санының ең жоғары өсімі Ақмола облысында тіркелген. Өңірдегі көрсеткіш 42 пайызға артты. Одан кейін Шымкент қаласы (+39,3 пайыз) мен Астана қаласы (+12,1 пайыз) келеді, - деді спикер.

Оның сөзінше, бұл бағыттардың сұранысқа ие болуына елдердің жақын орналасуы, тілдік кедергінің болмауы, әуе билеттерінің салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және қысқа мерзімді демалысқа қолайлы болуы әсер етіп отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар қай елдерге көбірек саяхаттай бастағаны жөнінде де материал жазғанбыз.