Түркістан облысы әкімдігі жеті минуттық бейнероликке 100 млн теңге төлемек
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» орталығы 100 млн теңгеге тікелей шарт жасасу арқылы «G7 Exlusive» ЖШС-не 3-7 минуттық тарихи бейнероликке тапсырыс берген.
Түркістан облысы мәдениет басқармасының мәліметінше, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы аталған жобаны сатып алуды ашық конкурс тәсілімен ұйымдастырып, 2025 жылғы 25 маусым мен 2 шілде аралығында өтінім қабылдаған.
Нәтижесінде конкурсқа қатысуға бірде-бір әлеуетті қатысушы жіберілмеуіне байланысты 8 шілде күні өтпеген деп танылған. «Ақпараттық жүйелерді контентті толтыру және модераторлау қызметтерін» екінші рет ашық конкурс тәсілімен 2025 жылғы 21-28 тамыз аралығында өтінімдерді қабылдай отырып өткізіліп, 29 қыркүйекте конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты өтпеді деп есептелді.
Аталған жобаны үшінші рет ашық конкурс тәсілімен сатып алу үшін 2025 жылғы 8-14 қазан аралығында өтінімдер қабылданған. Қорытындылар туралы хаттамаға сәйкес конкурсқа қатысуға бір әлеуетті қатысушы жіберілуіне байланысты 17 қазанда өтпеген деп танылды.
— Осыған орай, 3 рет ашық конкурсқа жіберіліп өтпегенін ескере отырып және бөлінген қаржыны тиімді әрі уақытылы игеру мақсатында аталған жобаны ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 16-бабы 3-тармағына сәйкес бір көзден алу тәсілімен 2025 жылғы 28 қарашада қосымша құн салығын қоса алғанда 100 800 000 теңгеге келісімшарт жасалынды. Тапсырыс беруші — Түркістан облысы мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі орталығы». Орындалу мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін, — делінген облыстық мәдениет басқармасы ұсынған ақпаратта.
Бұдан бұрын Түркістан облысында мемсатып алуда 8,2 млрд теңгеге негізсіз 263 келісімшарт түзілгенін жазған едік.