Түркістан облысы жер ресурстарын басқару департаментіне жаңа басшы тағайындалды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Президент Әкімшілігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің келісімімен Қасымбек Сайлауов Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Бұл кадрлық тағайындау туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы – жерді пайдалану және қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспектор Мұрат Теміржанов мәлімдеді.
Қасымбек Пернебекұлы Сайлауов 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Білімі жоғары. Құқықтану және мемлекеттік басқару мамандықтары бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК заңгері болып бастады.
Әр жылдары учаскелік полиция инспекторы, Шымкент қаласының жер комитетінде заңгер, қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы және бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2010-2011 жылдары Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өңіраралық жер инспекциясының мемлекеттік бақылау және жерді қорғау бөлімін басқарды. Кейін Шымкент қаласының жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары, бөлім басшысы және қала әкімінің кеңесшісі болды.
2020 жылы Шымкент қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2023-2025 жылдары «NURDAUA» ЖШС-де еңбек етіп, кейін «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-да құрылыс және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директоры болды.
2025 жылдың ақпан айынан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды.
Қасымбек Сайлауов Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы қызметіне 2026 жылғы 9 шілдеде кірісті.
Бұған дейін белгілі боксшы Қанат Ислам жаңа қызметке тағайындалғанын жазған едік.