Түркістан облысында 1 кент пен 32 елдімекенге газ беру уақытша тоқтатылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Бүгін Түркістан облысында диаметрі 400 мм жоғары қысымды газ құбырының «Мақтаарал» газ тарату станциясынан (ГТС) Мырзакент кентіне дейінгі учаскесінде газ ағуы анықталды.
Бұл оқиғаға қатысты «QazaqGaz Aimaq» АҚ баспасөз қызметі ресми мәлімдеме таратты.
— Топырақты ашу барысында дәнекерленген түйіспе қосылысының ашылып кетіп, герметизациясының бұзылғаны белгілі болды. Апаттық бригада қауіпсіздік мақсатында «Мақтаарал» ГТС-тен кейінгі диаметрі 300 мм ысырманы жапты. Қазіргі уақытта 1 кент пен 32 елдімекенге газ беру уақытша тоқтатылды. Шамамен 9 мың абонент, сондай-ақ коммуналдық және өнеркәсіптік тұтынушылар газдан уақытша ажыратылды, — делінген ресми хабарламада.
Апатты қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Газ беру қайта басталғанда қосымша хабарланбақ.
— Газбен жабдықтауды тоқтату — мәжбүрлі шара. Апаттық жағдайды жою тәулік бойы жүргізіледі. Сондықтан тұрғындардан түсіністік танытуды сұраймыз. Қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталған соң газбен жабдықтау қауіпсіз және тұрақты түрде қайта іске қосылады, — деді мекеменің жауапты өкілдері.
Бұдан бұрын биыл 60-тан астам елді мекен тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізетіні туралы жазған едік.