Түркістан облысында 10 су каналы мемлекет меншігіне қайтарылды
ТҮРКІСТАН.KAZINFORM - Түркістан облысында прокурорлар стратегиялық маңызы бар су арналарының мемлекет меншігіне қайтарылуын қамтамасыз етті.
Сайрам ауданының прокуратурасы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым объектілерінің мемлекеттік меншігін қорғауға және қайтаруға бағытталған қадағалау қызметін тұрақты негізде жүзеге асырып келеді.
Қадағалау іс-шаралары барысында аудан аумағындағы жалпы ұзындығы 32 шақырым, 243 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар 10 су каналы мемлекеттік меншікке ресімделмегені анықталды.
Прокурорлық ден қою шаралар нәтижесінде гидротехникалық құрылыстар мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыстық прокуратура мәліметінше, аталған объектілердің мемлекеттік меншікте болмауы оларды тиімді басқару мен күтіп-ұстауға, сондай-ақ халықты және ауыл шаруашылығы жерлерін сумен тұрақты қамтамасыз етуге теріс әсерін тигізуі мүмкін еді.
Осыған байланысты прокуратура бұл бағыттағы жұмысты жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысында 47,5 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.