Түркістан облысында 1,1 млрд теңгеден астам қаражат бизнеске қайтарылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы 2025 жылы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстарының нәтижесін жариялады.
Ведомствоның мәліметінше, 2025 жылы кәсіпкерлерден 170 өтініш түскен, оның 66-сы eOtinish жүйесі арқылы жолданған. Нәтижесінде 81 өтініш (48%) кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Сонымен қатар мемлекеттік органдарға 580 ресми сұраным жолданып, Палата өкілдерінің қатысуымен 34 сот ісі өткен.
– 2025 жылдың I жартыжылдығында мемлекеттік сатып алудың жоспарсыз қатысушылары тізілімінен шығару мақсатында құрылған келісім комиссиясының құрамына Палата өкілдері енгізілді. Нәтижесінде 5 кәсіпкер – («Бекарысстрой» ЖШС, «DanAia» ЖШС, «KAZ ELIT STROY» ЖШС, «Forum Stroy» ЖШС және «Farab street» ЖШС) аталған тізімнен шығарылды. Сондай-ақ Түркістан қалалық мәдениет үйіне қатысты мемлекеттік сатып алуда даулы жағдай туындады. Кәсіпкерлермен жалпы сомасы 177 129 500 теңгеге келісімшарттар жасалғанымен, тапсырыс беруші төлем міндеттемелерін орындамаған. Аталған мәселе Кеңес отырысында қаралып, жауапты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде кәсіпкерлер алдындағы берешек толық өтеліп, олардың мүліктік құқықтары қалпына келтірілді, - деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасы.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік субъектілерінен түскен 34 өтініш бойынша Палата қызметкерлері сот процестеріне өкіл ретінде қатысты. Онда қаралған 15 іс бойынша кәсіпкерлердің 432 млн теңгеден астам қаржылық мүддесі қорғалды.
– Жалпы 2025 жылы кәсіпкерлердің 1,1 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік құқықтары қорғалды. Оның ішінде 711 млн теңгеден аса көлемде залал өтеліп, негізсіз шығындардың алдын алу қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 432 млн теңгеден аса қаржы сот арқылы қорғалса, 177 млн теңгеден астам берешек мемлекеттік орган тарапынан толық өтелді, - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 166 млн теңге қарызы бар 21 борышкер құмар ойынға ақша салғанын жазған едік.