Түркістан облысында 114 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары енгізіліп, 4 су қоймасы салынады. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеров есептік кездесуінде айтты.

Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Әкім ел бойынша ағын су тапшылығы сезіліп жатқанын атап өтті. Осыған орай, Мемлекет басшысы ең алдымен суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетуді тапсырған болатын.

— Су үнемдеу технологиясы ағын суды 2 есе үнемдеп, өнімділікті 3 есеге арттырады. Еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі облысымызға тиесілі. Оның жалпы алаңы 554 мың гектарды құрайды. 2025 жылға дейін су үнемдеу технологиясы 55 мың гектарға енгізілді. Биыл қосымша 59 мың гектар жерде су үнемдеу технологиясы пайдаланылып, жалпы көлемі 114 мың гектарға жеткізілмек, — деді Н. Көшеров елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Алдағы 5 жылда су үнемдеу технологиясын қосымша 250 мың гектарға енгізу жоспарланып отыр. Суару технологияларының қол жетімділігін арттыру бағытында 4 кәсіпорын іске қосылды, тағы екеуі келесі жылы ашылады. Нәтижесінде, 148 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады.

Нұралхан Көшеров
Фото: ОКҚ

— Нәтижесінде, 364 мың гектарға су үнемдеу технологиясымен қамтамасыз ету мүмкін болады. Осы кәсіпорындар есебінен облыс және көршілес өңірлер су үнемдеу технологияларымен толық қамтамасыз етіледі. Отырар ауданында су үнемдеу технологиясын қолданып, «Күріш дақылын егу» жобасы іске асырылды. Жоба құны 7 млн долларға жетеді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 26 мың текше метрге дейін пайдаланылса, тамшылатып суару есебінен ағын су 2 есе үнемделген, — деді өңір әкімі.

Облыс аумағында ағын сумен қамтамасыз ететін жалпы ұзындығы 12 731 шақырымды құрайтын каналдар бар, олардың 76%-ның тозығы жеткен.

— Бірінші кезекте тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіруіміз қажет. Ислам Даму банкінің қаражатына 302 су нысанын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, каналдардың тозу көрсеткіші 50 пайызға дейін төмендейді, — деп түсіндірді Н. Көшеров.

Бұдан бөлек, сыйымдылығы 121 млн текше метр 4 су қоймасын салу жоспарланған. Оның ішінде, «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары салынып жатыр, «Боралдай» және «Иқан су» қоймаларының жобасы әзірленуде.

— «Бәйдібек ата» және «Боралдай» су қоймаларын салу есебінен Түркістан қаласы және 5 аудан тұрақты 120 млн текше метр сумен қамтылмақ. Нәтижесінде, 18 мың гектарға жуық жердің сумен қамтамасыз етуі жақсарады. Бұл қосымша 200 млрд теңгеге өнімін өндіруге мүмкіндік береді, — дейді Түркістан облысының әкімі.

Айта кетейік, Түркістан облысында географиялық және климаттық ерекшеліктерге сай үш негізгі кластер — мақта-тоқыма, жүгері, және ет бағыттары қарқынды дамып келеді.

Сондай-ақ, Түркістан облысында бейнекамера, медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық бұйымдар шығарылмақ.

Соңғы жаңалықтар