Түркістан облысында 12 адамның өмірін қиған өрттің алдын ала себебі айтылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы өрт бойынша тың деректер белгілі болды.
Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков Jibek Joly эфирінде айтты.
— Өрт оқиғасы болған жерде облыстық төтенше жағдай департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өрт сынақ зертханасы жұмыс істеп жатыр. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығу себебі — электр жабдықтарын қосатын желілік фильтрдің ақауы. Дегенмен өрт сынақ зертханасы сараптамасының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Қазіргі таңда тергеу бойынша анықтау қызметі тағайындалды. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып, қосымша ақпарат беріледі, — деді ол.
Еске сала кетейік, кеше таң ата Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үй өртеніп, 12 адам мерт болды.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер жеткенге дейін тұрғын үй толықтай отқа оранған.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың жақындарына көңіл айтты.
Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды.
Президент тапсырмасы бойынша Түркістан облысындағы өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды.
Облыс әкімдігі тарапынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Сонымен бірге марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруға толықтай қолдау жасалады.
Өрттен кейін медициналық мекемеге жеткізілген үш адамның біреуі есін жиды.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев өрттің себебін тергеп-тексеру бойынша құрылған Үкіметтік комиссия мүшелеріне бірқатар тапсырма берді.