Түркістан облысында 1,2 млн-ға жуық азамат референдумда дауыс бере алады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Облыста 15 наурызда өтетін республикалық референдум қарсаңында комиссия мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы жоспар бекітілген. Оған сәйкес, үш кезең бойынша оқыту іс-шаралары өтеді.
Түркістан облысында республикалық референдумды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
Облыстық аумақтық референдум комиссиясының мәліметінше, сол күні өңірде 18 аумақтық және 948 референдум учаскесі жұмыс істейді.
— Облыс бойынша 6 254 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқарады. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалған. Дайындық шаралары жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Өңірде 1 195 184 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілген, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ референдум қарсаңында комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыруға бағытталған арнайы жоспар бекітілген. Оған сәйкес, комиссия мүшелеріне арналған үш кезеңдік оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады.
— Алғашқы кезеңде барлық аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары мен хатшыларына (58 адам) республикалық референдумға қатысты семинарлар өткізу жоспарланған. Бұдан соң облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшелері аудандарда учаскелік референдум комиссияларының төрағалары, орынбасарлары мен хатшыларына (2 912 адам) заңнама талаптары бойынша семинарлар мен кейстік жағдайларға арналған тренингтер өткізеді. Ал үшінші кезеңде қалған учаскелік референдум комиссияларының 3 410 мүшесін оқыту көзделген, — деп хабарлады облыстық аумақтық референдум комиссиясы.
Қазіргі таңда облыста 32 қоғамдық бірлестік аккредиттеуден өткен. Олар референдум процесі барысында бақылау жұмыстарын жүзеге асырады.
Еске салайық, Конституция жобасына қатысты референдум қорытындысы 21 наурызға дейін жарияланады.
Бұдан бұрын 15 наурызда Қызылорда облысында 378 референдум учаскесі жұмыс істейтінін жазған едік.