Түркістан облысында 1400-ге жуық адамды кене шаққан

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өткен жылы өңірде бруцеллез ауруымен 84 жағдай тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 78 жағдайға артық. Олардың 29-ы – кәмелет жасына толмағандар. Сондай-ақ Сібір жарасының 4, туберкулездің 514 жағдайы анықталған.

кене
Фото: Павлодар облысы ТЖД

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өткен жылы өңірде қауіпті жұқпалы аурулар бойынша бірқатар дерек тіркелген.

– 2025 жылдың 26 қарашасына дейін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан 7 науқас тіркелді. Оның ішінде Созақ, Отырар, Сауран аудандарында – 2, Ордабасы ауданында – 1 жағдай анықталды. Бұл дерттен өлім жағдайы тіркелген жоқ. Сонымен қатар, жыл басынан бері кене шағып, медициналық ұйымдарға жүгінген 1373 адам 14 күндік медициналық бақылауға алынды, – деді департамент басшысы Нұрбек Нышанов.

Облыстық ветеринария басқармасының деректеріне сәйкес, өңірде бруцеллезге қарсы 4 124 620 бас ұсақ мал, 893 194 бас ірі қара мал және 17 003 басқа да жануар тексерілген. Тексеру нәтижесінде ауру анықталған 327 бас ұсақ мал мен 106 бас ірі қара мал Сайрам ауданындағы «ДС и Братья» ет өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Ауру ошақтарында ветеринариялық қызметпен бірлескен эпидемиологиялық-эпизоотиялық тексерулер жүргізіліп, сыртқы ортадан 153 сүт өнімінің сынамасы алынған. Оң нәтиже анықталған аумақтарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.

– Сондай-ақ иесіз жануарлар бойынша жергілікті әкімдіктер тарапынан бөлінген 88 млн теңгеден астам қаражат есебінен 18 аулау тобы құрылып, 45 822 ит пен 2 094 мысық ауланып, жойылған. Облыстық «Ветеринариялық зертхана» мекемесінің мәліметінше, құтыруға тексерілген 63 патологиялық материалдың 3 сынамасынан оң нәтиже анықталған. Атап айтқанда, Отырар ауданында – 1 шибөрі, Түркістан қаласында – 2 иттен ауру белгісі табылған, –деді департамент басшысы.

Ал тұрғындар арасында құтыру дерті тіркелмегенімен, жануарлардан жарақаттанған 5994 адамға профилактикалық егу тағайындалып, медициналық бақылауға алынған. Бұдан бөлек зоонозды тері лейшманиозы бойынша облыс аумағында 56 жағдай анықталған. Табиғи ошақ болып саналатын Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласына қарасты 32 елдімекенде жыл сайын аталған аурудың алдын алу мақсатында дезинсекция және дератизация жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп келеді.

Бұдан бұрын Түркістанда ит пен мысықтан зардап шеккен 379 адам дәрігер көмегіне жүгінгенін жазған едік

Соңғы жаңалықтар
Референдум