Түркістан облысында 15 жастағы қызды зорлаған зейнеткер сотталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Келес ауданында 15 жастағы қызды зорлаған 71 жастағы ер адамға сот үкімі шықты.
Сот материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған қыз зейнеткерден жүкті болып, сәби дүниеге әкелген.
Түркістан облыстық сотының хабарлауынша, сотталушы кәмелетке толмаған адамды зорлау және тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Оқиға Келес ауданының бір ауылында болған. Бұған дейін күдіктінің жәбірленушіге туыстық қатысы бар екені хабарланған.
Қыздың аяғы ауыр екенін туыстары жүктіліктің жетінші айында ғана білген. Нәресте 2025 жылдың қыс айында Астанада дүниеге келген. Жәбірленушінің анасы полицияға арызды босанғаннан бірнеше ай өткен соң, 12 қазан күні берген.
– Сот үкімімен Б.-ға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген облыстық соттың хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 15 жасар қыз 71 жастағы туысынан жүкті болып қалғанын жазған едік.
Жәбірленушінің анасы күдікті ретінде 70 жастағы туысына қатысты арыз түсіріп, құқық қорғау органдарына жүгінгені хабарланды.