Түркістан облысында 19 мың басқа арналған мал биржасы салынып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Сайрам ауданында бір мезетте 19 мың бас мал қабылдауға қауқарлы мал биржасының құрылысы басталды. Жобаға 5,2 млрд теңге инвестиция салынады, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Жобаны «RED GOLD» серіктестігі заманауи технологиялық шешімдер мен халықаралық стандарттарды қолдана отырып жүзеге асырып жатыр.
Жабдықтар мен материалдардың 30%-ы Австралиядан жеткізілсе, металл конструкциялардың 70%-ын түркиялық Agro Fine компаниясы қамтамасыз етеді.
Жобаны жүзеге асыру үшін 24 гектар жер учаскесі бөлінген. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер жұмыстары жүргізіліп, іргетас қалауға дайындық жүріп жатыр. Кешен құрылысын толық аяқтап, 2026–2027 жылдары пайдалануға беру жоспарланған.
– Жаңа мал биржасы бір мезетте 5 мың басқа дейін ірі қара мал, 4 мың жылқы және 10 мың басқа дейін ұсақ мал қабылдауға есептелген, – делінген министрлік мәліметінде.
Ауыл шаруашылығы жануарларын саудалауға арналған заманауи алаң мал өткізудің ашық әрі жүйелі жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өткізу нарықтарының географиясын кеңейтіп, өңірдің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру көзделіп отыр.
Жобаны іске асыру Түркістан облысында мал шаруашылығын дамытуға және агроөнеркәсіптік кешеннің заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстанға шетелден 6 мыңнан астам асыл тұқымды мал әкелінеді.