Түркістан облысында 20 мыңнан аса жас алғаш рет дауыс береді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында ҚР Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 2 млн 146 мың 700 адам тұрады. Оның ішінде 1 млн 204 мың 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар, бұл — облыс халқының 56 пайызы.
— Алдағы ҚР Құрылтай депутаттарының сайлауында Түркістан облысында 20 292 жас алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланады. Олардың ішінде 114 азамат дәл сайлау күні — 23 тамызда кәмелет жасына толып, өз таңдауын жасайды, — делінген ресми хабарламада.
Сайлауды ұйымдастыру үшін облыста 952 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Биыл демографиялық өсім мен жаңа тұрғын үй алаптарының көбеюіне байланысты Түркістан қаласында 3, Сауран ауданында 1 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Сондай-ақ тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 6 сайлау учаскесінің шекарасы қайта қаралды.
Қазіргі уақытта өңірдегі барлық 952 сайлау учаскесі қажетті материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.
Бұған дейін Түркістанда сайлаушыларға жағдай жасау үшін цифрлық технологиялар қолданылып жатқанын хабарлаған болатынбыз.