Түркістан облысында 271 млн теңге субсидия қаржысын жымқырғандар сотталды

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша бір топ тұлғаға қатысты сот үкімі шықты.

Қызылордадағы атышулы оқиға: 9 сотталушы кассациялық сотқа шағым түсірді
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Прокуратураның хабарлауынша, 2020-2023 жылдар аралығында жосықсыз кәсіпкерлер ветеринарлық бақылау саласындағы олқылықтарды пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған. Атап айтқанда, жекелеген шаруа қожалықтары іс жүзінде үшінші тұлғаларға сатылып кеткен мал туралы деректерді «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесінде өз пайдасына пайдаланған.

Мәселен, «Б» шаруа қожалығы бұрын сатылған 440 бас ірі қара мал мен 5 088 бас ұсақ мал туралы мәліметтерді заңсыз қолдану арқылы субсидия рәсімдегені анықталды.

Жиналған дәлелдерге сәйкес, мемлекетке келтірілген залалдың жалпы сомасы 271 млн теңгені құрап, бұл аса ірі мөлшер ретінде бағаланды. Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеген.

- 2025 жылғы 1 қазанда бес айыпталушыға қатысты айыптау үкімі шығарылып, кінәлілер 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар мемлекет бюджетіне 140 млн теңге өндірілді.

Тексеру нәтижесі қаржы жымқыру фактілерінің ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмауына байланысты мүмкін болғанын көрсетті, - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта прокуратура 300 млн теңгеден астам сомаға қатысты өзге де ұқсас жымқыру деректерін тергеп жатыр. Аталған қылмыстық іс жақын арада сотқа жолданбақ.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында ветеринарлар 271 млн теңге субсидияны жымқырғаны хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар