Түркістан облысында ағынсу тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Биыл Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарында 24 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта тауар өндірушілерден 10,6 мың гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты ұсыныстар келіп түсті.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берген өңір болғандықтан, мұнда ағынсу мәселесі өзекті. Өткен жылы өңірде егістік алқаптарын ағынсумен қамтамасыз ету маусымы қалыпты жағдайда басталды. Алайда жауын-шашын мөлшерінің аздығы, ауа температурасының жоғары болуы су тапшылығы қаупін күшейтті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, өңірде суармалы жердің жалпы көлемі – 575 мың гектар. 2025 жылға облысқа 4,6 млн м³ ағынсу лимиті бекітілген. Алайда су көлемінің аз келу болжамына байланысты биылға лимит 3,8 млн м³ болып қайта қаралды. Өткен жылы нақты алынған су көлемі 3,5 млн текше метрді құрап, бекітілген лимиттің 76 пайызы орындалған.

– Облыстың жылдық су пайдалану лимитінің 63 пайызы көрші мемлекеттердің аумағынан келетін трансшекаралық өзендерге тиесілі. Жаһандық жылынудың әсерінен бұл өзендер арқылы келетін су көлемі жыл сайын азайып келеді. Өткен жылы бекітілген 3,2 млрд м³ лимиттің 2,8 млрд текше метрі немесе 88 пайызы ғана нақты босатылған. Қазіргі уақытта облыстағы 42 су қоймасының жалпы сыйымдылығы 8,8 млрд текше метр болса, су көлемі 4,0 млрд м³ немесе 47%-ға жетіп отыр. Атап айтқанда, Шардара су қоймасына 3,3 млрд м³, Көксарай су реттегішіне 567 млн м³, Бөген су қоймасына 169 млн м³ су жиналған, – деді ол.
Ведомство мәліметіне сәйкес, өңірде су тапшылығын болдырмау мақсатында жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы 75 пайызға аяқталып, нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде келер жылғы вегетациялық маусымда 9,7 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Қарақуыс» су қоймасының құрылысы биыл аяқталып, 350 гектар жер сумен қамтамасыз етіледі.

– Алдағы жылдары Ордабасы және Сауран аудандарында «Боралдай» және «Иқан су» су қоймаларын салу көзделген. Жобалар іске асқан жағдайда Бөген су қоймасына қосымша 120 млн м³ ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласындағы су мәселесін шешуге мүмкіндік туады. Биыл Ислам даму банкінің қаржысы есебінен су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталады. Бірінші кезеңде «Қазсушар» арқылы 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, «Тұран су» кәсіпорны арқылы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба іске асырылады. Нәтижесінде 296 шақырым канал бетонмен қапталып, 63 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтамасыз етуі жақсарады, – делінген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ұсынған ақпаратта.
Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2030 жылға дейін жаңа технологияларды енгізу жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, жыл сайын 50 мың гектар алқапқа бұл әдістерді қолдану арқылы 2030 жылға қарай 622,8 млн м³ суды үнемдеу көзделіп отыр.
Бұдан бұрын Түркістан өңірі қуаңшылықпен қалай күресіп жатқанын жазған едік.
