Түркістан облысында аптап ыстықтан жол жабыны көтеріліп кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Шымкент – Өзбекстан шекарасы автожолында аптап ыстық салдарынан пайда болған цементбетон жабынының ақауы жедел жойылып жатыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол хабарлады.
23 маусымда Түркістан облысында «Қазгидромет» деректеріне сәйкес ауа температурасының +40 С-қа дейін көтерілуі болжанды. Осыған байланысты ыстық ауа райы жағдайында жол қызметтері республикалық маңызы бар цементбетон жабындысы бар автожол учаскелеріне мониторинг жүргізуді күшейтті.
— Сол күні шамамен сағат 15:15–те «ҚАЖсервис» ЖШС Түркістан облыстық филиалының ЖПБ-69 және ЖПБ-4 қызметкерлері республикалық маңызы бар KZ13-03 «Шымкент — Өзбекстан Республикасының шекарасы („Жібек жолы“ өткізу пункті)» автомобиль жолын патрульдеу барысында 712+600 шқ учаскесінде цементбетон жабынының ақауын анықтады.
Алдын ала мәлімет бойынша, ақау ауа температурасының күрт көтерілуі салдарынан пайда болған. Экстремалды ыстық жағдайында цементбетон жабынына түсетін температуралық жүктеме артады: бетон плиталары кеңейіп, жекелеген учаскелерде жергілікті деформацияға әкелуі мүмкін, — делінген хабарламада.
Ақау анықталғаннан кейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында учаскеде уақытша жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар цементбетон жабынын қалпына келтіру және аталған учаскені нормативтік жағдайға келтіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына 5 жол техникасы және 13 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта учаскедегі жұмыстар жалғасып жатыр. Жол қызметтері ақауды жедел жою және автокөлік қозғалысының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
— «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерден уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауды, жұмыс жүргізіліп жатқан аймақта жылдамдықты төмендетуді, қауіпсіз арақашықтықты ұстануды және уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрайды, — делінген хабарламада.
Айта кетелік «ҚазАвтоЖол» цементбетон плиталарындағы деформация қаупі бар 31 учаскені анықтаған еді.