Түркістан облысында аса ауыр қылмыс үшін іздеуде жүрген адам ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында полиция кісі өлтірді деген күдікпен іздеуде жүрген ер адамды қолға түсірді.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 31 жастағы азамат Алматы облысында адам өлтіру дерегі бойынша іздеуде болған.
Күдікті Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жетісай қаласындағы көшелердің бірінен қолға түсті.
– Ұсталған азамат одан әрі тексеру жұмыстарын жүргізу және іздеуді жариялаған тарапқа тапсыру мақсатында полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаменті.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұдан бұрын Түркістан облысында көлік жуу орнында кісі өлтіргендер ұзақ мерзімге сотталғанын жазған едік.