Түркістан облысында әйел өз үйінде аяусыз соққыға жығылып, тоналды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Белгісіз адамдар түнде Леңгір қаласындағы жеке тұрғын үйге кіріп, әйелге шабуыл жасаған. Кейін оның ұялы телефонын алып кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктілерді іздестіріп жатыр.

бытовое насилие
Фото: Kazinform / ИИ

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысындағы Леңгір қаласының тұрғынына жасалған шабуыл туралы видео тарады. Жазба авторларының айтуынша, шабуыл жасағандар бірнеше адам болған және бетперде таққан. Сондай-ақ әйелді қорлау мен ұрып-соғу таңға дейін жалғасқаны айтылған. 

Оқиғаға қатысты Түркістан облысының Полиция департаменті шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

– Алдын ала мәлімет бойынша, түнгі уақытта тұрғын үйге белгісіз адамдар кіріп, жәбірленушіге дене жарақатын салған және оның ұялы телефонын алып кеткен. Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы тұрақты, денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ, – деп хабарлады Түркістан облысы ПД.

Құқық қорғау органдары қазір күдіктілерді анықтап, ұстауға, сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпараттың жариялануға жатпайтынын мәлімдеді.

Бұған дейін Шымкентте бұрынғы әйеліне қышқыл төккен ер адам ұсталған болатын. Әйел ауыр күйік алып, ауруханаға жатқызылды. Қылмыстық іс денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру фактісі бойынша тергеліп жатыр.