Түркістан облысында айналымда жүрген 6 мыңнан астам газ баллонның 90 пайызы жарамсыз
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Жыл басынан бері облыста газ баллондарының жарылуы бойынша 9 жағдай тіркелген. Салдарынан 14 адам жарақат алды. Бұл туралы облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Нұрболат Педен мәлімдеді.

Жазатайым оқиғалардың басым бөлігі газ баллондарын сақтау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан болған.
«Жалпы айтқанда өрттің алдын алу мақсатында басқарма тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында әлеуметтік жағдайы төмен 28 538 отбасы есепке алынған. Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайы төмен осал топтағы азаматтардың үйлеріне 271 дана газосигнализаторлар орнатылды. Жылыту маусымының алдында газ құбырларын міндетті түрде тексеру қажеттігін ескертеміз», - деді Нұрболат Педен.
ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Ерғали Мырзахметов аймақта айналымда жүрген 6 мыңнан астам газ баллонның 90 пайызы жарамсыз екенін жеткізді.
«Облыс аумағында газ саласы бойынша департаментте тіркелген жалпы көлемі 5 550,7 текше метр 7 газ толтыру станциясы бар. Сонымен қатар тұрмыста қолданылатын газ балондарын толтыратын 4 ұйым жұмыс істейді. Сондай-ақ 50-ден аса кәсіпкерлік субъектілерінің Түркістан қаласы мен облыс аумағында 300-ден аса автогаз құю бекеттері қызмет көрсетеді. Газ толтыру бекеттерінің айналымында 6 000 аса тұрмыстық газ баллондар бар. Олардың 90 пайызы қызмет ету мерзімі өткен болса да пайдаланылып келеді», - деді Ерғали Мырзахметов.
Айта кетейік, бқдан бұрын Түркістан облысында 64,5 млн теңгені құрайтын асфальт төсемі бұзылып, қайта салынғанын жазған болатынбыз.