Түркістан облысында балабақшаға 1,3 млрд теңге заңсыз аударылды ма: басқарма не дейді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Әлеуметтік желілерде Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы Нұрабаеваға қатысты және «Батон-2» балабақшасына 1,3 млрд теңге бюджет қаражаты заңсыз аударылғаны туралы ақпарат тарады.

Түркістан облысында балабақшаға 1,3 млрд теңге заңсыз аударылды ма: басқарма не дейді
Фото: Kazinform

Жазба авторы Шұға Тұрмаханбетқызы мен «Батон-2» бөбекжай-балабақшасының басшысы Айсұлу Тұрмағамбетқызының туған апалы-сіңлілі екенін алға тартып, 2017-2025 жылдары аталған балабақшаға бюджеттен шамамен 1,3 млрд теңге бағытталғаны туралы мәлімет келтірген. Автор бұл деректерді ресми тексеруді қажет ететінін айтып, қаражатты кім бөлгені, кім қол қойғаны және қаржының жұмсалуын кім бақылағаны жөнінде мәселе көтерген. 

Сондай-ақ жазбада ықтимал мүдделер қақтығысының қалай реттелгені айтылып, бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығына қатысты тиісті құжаттарды жариялау қажеттігі көрсетілген.

Осыған байланысты Түркістан облысының білім басқармасы ресми түсінік берді.

— «Батон-2» балабақшасына 1,3 млрд теңге заңсыз аударылды деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қаржыландыру заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Қаражат тәрбиеленушілер саны мен бекітілген нормативтер негізінде мемлекеттік білім беру тапсырысы және жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде бөлінеді. Бұл шешімді білім бөлімі басшысы жеке-дара қабылдамайды, — делінген басқарма таратқан түсініктемеде.

Сонымен қатар басқарма аталған соманың тиісті кезеңдегі нақты қаржыландыру көлеміне сәйкес келмейтінін атап өтті.

— Қазіргі уақытта білім бөлімінің басшысы өзінің ар-намысына, абыройы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін және шындыққа жанаспайды деп есептейтін мәліметтердің таралуына байланысты сотқа жүгінді. Аталған деректерге құқықтық бағаны сот береді. Бюджет қаражатына қатысты ақпаратты тарату кезінде тексерілмеген мәліметтерге емес, ресми құжаттар мен нақты фактілерге сүйенуге шақырамыз, — деп мәлімдеді білім басқармасы.

Бұған дейін түркістандық мұғалімдер мектептегі ақша жинау мен қысымға қатысты дабыл қаққанын жазған едік.