Түркістан облысында балалар алаңшасына тартылған электр сымы қауіп төндіріп тұр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Созақ ауданы Абай ауылында жергілікті тұрғын балалар ойын алаңшасына тартылған ашық электр сымы балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғанын айтып, дабыл қақты.

Түркістан облысында балалар алаңшасына тартылған электр сымы қауіп төндіріп тұр
Фото: видеодан алынған скрин

Видеода электр сымын ойын алаңшасына тікелей жалғап, темірге байлап қойғанын айтқан тұрғын қауіпсіздік талаптарына сай ақауды тез арада жөндемесе, қайғылы жағдай болуы мүмкін екенін айтқан.  

Аталған мәселе бойынша Kazinform тілшісінің жолдаған сұрауына жауап берген аудан әкімдігі тиісті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.

– Шолаққорған ауылдық округі әкімшілігі тарапынан жағдай бақылауға алынып, анықталған кемшіліктерді жою мақсатында балалар ойын алаңшасына келіп тұрған электр қуаты қауіпсіздік талаптарына сәйкес уақытша ажыратылды, - делінген аудан әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Балалар ойын алаңшасы 2024 жылы демеушілік қаражат есебінен салынған.

– Алдағы уақытта кемшіліктерді толық қалпына келтіру және қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі, - деді әкімдік өкілдері.

Еске салайық, Созақ ауылында 9 қаңтар күні қауіпті оқиға анықталды. Көше шамына жалғанған электр сымдары бір-біріне тиіп, ашық ток пайда болған. Сол жерден өткен сиыр сымға тиіп, ток соғып өліп қалған. 

Бұдан бұрын Орал қаласында ток соққан бала көз жұмғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар