Түркістан облысында белгісіз адамдар әскери нысанға басып кірмек болды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Оқиға Түркістан облысындағы Арыс қаласында орналасқан Қарулы Күштердің әскери бөлімінің аумағында болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Түркістан облысында белгісіз адамдар әскери нысанға басып кіруге тырысты
Фото: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Ресми ақпаратқа сәйкес, қарулы күзеттегі кезекші қарауыл белгісіз бір топ адамның режимдік нысанға жақындауға тырысқанын дер кезінде байқап, Қарауыл қызметі жарғысының талаптарына сәйкес әрекет еткен.

Оперативті әрекеттер нәтижесінде құқық бұзушылар тоқтатылды.

— Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар тексеріп жатыр, — деп хабарлады Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі.

Ұсталған адамдардың жеке тұлғалары мен әрекет ету себептері анықталып жатыр. 

Алдын ала болжамдардың бірі бойынша, оқиға түсті металл ұрлау әрекетімен байланысты болуы мүмкін.

Нақты қорытынды тергеу нәтижесінде жарияланады.

Жалпы әскери жарғыларға сәйкес, қарауыл өз постына немесе тыйым салынған шекараға жақындаған кез келген адамды:

«Тоқта!», «Кері шегін!», немесе «Оң (сол) жақпен айналып өт!» деп тоқтатуы тиіс.

Егер бұл талап орындалмаса, ол:

«Тоқта, атамын!» деп ескертіп, дереу қарауыл бастығын шақырады.

Бұйрыққа бағынбаған жағдайда қарауыл ескерту ретінде аспанға оқ атады, ал егер бұзып өтуге әрекет жасалса — қару қолдануға құқылы.

Егер қарауылдың өзіне немесе күзетілетін нысанға тікелей шабуыл жасалса, ол қаруды ескертусіз қолдана алады.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери нысандар арнайы құқықтық режимі бар аймақтарға жататынын ескертеді.

Оларға заңсыз кіру — ауыр құқық бұзушылық болып табылады және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Соңғы жаңалықтар